08.06.2022
  252


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Әке тілегі

Ұлым Бейбарысқа
Ішпе суын сен Нілдің
Құлы болма басқа үйдің.
Қатарыңмен тең жүзгін
Айдынында Каспидің.
Тағзым етіп бабаңа
Көрсең көргей Мысырды.
Орал бірақ далаңа
Бермей жатқа ішіңді.
Сұлтандықтың күні өткен
Министр бол, жарайды.
Табанына сыз өткен
Құтқарып қал талайды.
Қазақ деген ер халық
Аңғал халық алайда.
Қамау терін ерте алып
Зорықтырма, жарай ма?
Бұл әрине, әзіл ғой
Кім болсаң да бол, адам
Өзіңе айтар назым ғой
Ақ тілектен тараған.
Бейбарыс деп ат қойдым
Бабаң дәйім жебесін.
Қалжыраған шақта, ойдың
Сөгетін сен көбесін.
Бабаңа ұқсап бол батыр
Талай жауды ол жасқаған.
Алдыңда сан жол жатыр
Құпиясын ашпаған.
Жарлылығын білдірмес
Жалды болғай, қарағым.


Етегінен ілдірмес
Даңқын берсін бабаның.
Бердім баба есімін
Кеңдеу киім сияқты, ә?
Сен де өсесің, несі мін
Қалдырма тек ұятқа.
Тұлға болсаң деп едім
Білмесе де Ніл елі.
Үлкен болсын жүрегің
Әкенің сол тілегі.





Пікір жазу