Қала. Түн.
Ай қарайды көгімнен қияқтанып,
Қыстан шыққан тоқтыдай сияқты арық.
Подъезден үн келді құлағыма
Шәмша ағамның күлкісі сияқтанып.
Талай дауыс таратып жатыр маңай
Әлсін-әлсін сығалап шатырдан ай.
Көрші ауладан бір еркек айқайлайды
Жолан ағам балдарын шақырғандай.
Қала деген жатпайды түніменен,
Құлақ тұнар көліктің үніменен.
Әйел көрсем көшеде дабырлаған
Тойдан қайтқан жеңгемнің бірі дер ем.
Қала. Түн. Оттар мұнда сөнген емес
Түнде де тыншымастай елдегі елес.
Қаланың төріндегі пәтерімде
Түн ішінде өтеді көлбеп елес.
Озалды да ұмытып, ажалды да,
Шерімді естен шығарып, жазамды да
Қаладағы қарбалас кештен кейін
Тұра қалар ауыл кеп көз алдыма.
Кімнің даусы, күлкісі кімдерінің
Есігінде, төрінде жүргені кім –
Тізбектеліп өтеді елес беріп
Жатырғандай оқытып күнделігін.
Мүмкін жатар айтылып маған да сын
Айтады ғой, айтар сөз таба алғасын.
Сол ауылды емініп жиі еске алам
Сағыныштан мен байғұс жаралғасын.
Тарлық көріп жүргем жоқ ештеңеден
(Шамырқансам әлі де сескенеді ел).
Күні бойы қалада тірлік етіп
Өзім туған ауылға кешке «келем».
Оймен шолып ауылды, елеспенен,
Өзен көрем тартылған, дөңес көрем.
Кімдер барып жүр екен бұл күндері
Өлең жазып отырған белеске мен?
Біреулері бар ма екен жырға құмар?
Ойдағылар аман ба, қырдағылар?
Біз секілді пақырды таныр ма екен
Бой түзеген бозбала, сырғалылар?
Сан ой келіп осындай жосып өткен
Еске аламын жылдардың көшін өткен.
Ораламын сонан соң өз қалама
Төрт бетон қабырғаны бесік еткен.
Аһ ұрмай-ақ кетті деп есе кімде
Сезімімнің жеңсізін шешемін де
- Сен ертең де керексің, демалшы, - деп
Жатқызады сағыныш төсегіме.