08.06.2022
  116


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Үстірттің үсті

Балбала тастар сырларын айтып қурайға
Үстірттің үстін қыдырған самал тынбайды, ә?
... Қалғыған батыр әлдебір тұстан шыға сап
Дабылын қайта ұрғай ма?
Шақырып жынын, айғайға сосын басқай ма?
Ашуға мінсе аударып тауды тастай ма?
Берекет көріп бойын алдырған ұйқысын
Сонда да дала ашпай ма?
Күн салып тұрып қарар ма батыр шалғайға
Даладан жеткен жат үннен секем алғай ма?
Үстіртті бойлап ебелек көрдім сабылған
Бағытын айтар жан қайда?
Аяқтың асты жатқандай сусып, жирылып
Дегелек құсың көрсетер ме екен қиғылық?
... Үстірттің үсті күтетін сынды біреуді
Ұран тауға отын жидырып.
Үстірттің үсті. Келердей біреу бір жақтан
Самалдың лебі жаңылғандай ма ырғақтан?
Балбала тастың сипадым салқын жотасын
Тазарттым жеңін құм қатқан.
Боз төбелердің астынан бір үн шығардай
(Бусанды кеудем. Жүр екен қылы бұралмай).
Сілкілеп салып бұйрат та бұйрат құмдарды
Бабалар кеңес құрардай.
Үстірттің үсті. Көрінер емес тірі адам.
Жауапсыз сөзім, тірі адамдарды сұраған.
Жындыбас құйын бетіме шаңын бүрікті
Осы ма сонда сыбағам?
Боз жусан бұлтқа сұраулы жүзбен сұқтанған
Ажары тайған адырлар неге дықтанған?


Сыбыр да сыбыр... бір елес көрдім, қабақты
Қырқалар нені күтті алдан?
Сөзбенен ойын жеткізу қиын ақынға
(Ұғынғың келсе еріп жүр маған, мақұл ма?).
Үстірттен үнсіз қарбалас көрдім.
Рухтың
Оянар сәті жақын ба?





Пікір жазу