08.06.2022
  128


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Ұмыт қалған ырғақпын

Күнде қанша, түнде қанша бар айып?
Күн – ырыс деп, түн – тыныс деп қарайық.
Маған бірақ көрінеді кейде осы
Күннің нұры баратқандай азайып.
Бұрынғыдай емес түн де ғажайып...
Түседі еске шағын ауыл, түнгі аспан
Жұлдыздары көзді арбаған, ымдасқан.
Бәкене үйдің ауласында жатып ап
Ертегілер айтылатын тынбастан.
Сол ауылды бұл күндері құм басқан
Ал көгінде ерні кепкен мұңды аспан.
Көкжиектен атқанымен таң күле
Елге барсам ой құшамын мәңгіре
Қазір онда әкесіне біреудің
Салған тамы, берген асы – әңгіме.
Қайта құру жиі сөз боп қалада
Саясатты айтар шал да, бала да.
Мәжілісте мінбедегі қызылкөз
Қызыл сөзбен сын айтады данаңа.
Бұған да ауыл селт етпейді, Аралдың
Кемесіндей қайырлаған жағада.
Күнде қанша, түнде қанша жазық бар?
Қолдан келсе несібеңді алып қал.
Бұйығы ауыл мүлгиді үнсіз аулақта
Таусылмайтын уәдеден жалыққан
Ығыр болған қамыт пенен салықтан.
Мен де тап сол ауылымдай жұмбақпын
Сенімімді селдіреттім, ұрлаттым.
«Роктардың» айғайының астында
Ұмыт қалған халқым сүйер ырғақпын.
Күннен көзім қарыға ма деп қорқып
Түнге ғана тереземнен үн қаттым.
Қара өлеңнің Мұқаң сүйген шекпенін
Иыққа ілдім, жерге тастап кетпедім.
Көндіге алмай көп айтамын, ақ түстің
Қас қағымда қараға еніп кеткенін.
Ақты іздедім шыбын жаным шырқырап
Көзім сүрттім ақша бұлтты жыртып ап.
Ертеңім деп қол созып ем бүгінге
Ал бүгінім сана ауыртар кіл сұрақ.
Күнде – қанша, түнде – қанша бар айып?


Дәме етерім бара жатыр азайып.
Енді өзімнен қорқып жүрмін
Көңілім
Күлге айналып кете ме деп қарайып.
Сезім қайда ертеңге асық, күнге асық?
Көкіректі кетті неге түн басып?
Жанын жеген күдіктермен ырғасып
Ерте өле ме шыныменен бір ғашық?..
...күнде қандай, түнде қандай бар айып?..





Пікір жазу