08.06.2022
231
ДАЛАНЫҢ ЕРКІН ЕРКЕСІ
Табынын бастап серкесі,
Тынысын тауып тайпалған,
Даланың еркін еркесі
Ырғала басып шайқалған.
Үстірттен құлай құлдырап,
Көсіле шапқан киіктер,
Кейінге сағым бұлдырап
Сырғанар айбын биіктер.
Жетпейді оған желің де,
Тұмсығын тартса пыр етіп,
Қараны көрсе белінде
Бұлқынып өтер қыр етіп.
Жаратқан өзі жасаған,
Екпінді тұяқ ірі етіп,
Ортқыса шыңдап қашаған
Құба жон қалар дір етіп.
Ақселеу демеп шашасын,
Бастарын иіп желп еткен,
Серпіген тұяқ ашасын
Саздауыт жебеп елп еткен.
Киіктей сырғып қаламым,
Ізінен қуат аламын,
Киелі жолда талабым –
Төрт таған жыр боп қаламын.