08.06.2022
167
ҚАРАТАУДА БИІГІМ
Қаратау алып сомдалған,
Әр қилы қима құйылған,
Сандықтай тастар томдалған
Қиюлап жүктей жиылған.
Ұшына ұштас төңкерген,
Дұлғасын көкпен қаймалап,
Еліне ерлер өң берген
Жондарын елге жаймалап.
Асуға жолдар тараған,
Сапарда бейнет тартатын,
Шоқыдан, өрден қараған
Сынақтың жүгін артатын.
Ұмтылдым кере қадамдап,
Қысқартып меже арасын,
Жотасын мөрлеп табандап
Қырқаның көрдім қарасын.
Еңсерген шыңым алаптан,
Көрінген ерек қыратын –
Ақталған үміт талаптан
«Биігім» қойдым жыр атын.