СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ТОЛҒАНЫСЫ
(шайқас алаңында қаза болған қаруластар рухына және бүгінгі
ұрпаққа арнаған)
Жеңістің атаулы күні меркелік медаль соғыс ардагерінің омырауына
тағылды. Ардагер белгі қорабын қолына қысып тұрып:
« - Көңілім бір сәтке үгілді,
Өкініш неше жыл бүгілді,
Ерліктің есімі елеусіз –
Майданда мезгілсіз үзілді!?
Жау оғы, снаряд ызыңды,
Сіңірген қаным да қызулы,
Сұрапыл айқастың сүреңі,
Есімде мәңгілік түзілді:
көгарыш бауырдай тілініп,
көк түтін шаншыла ілініп,
белінен бөлінген желектер
өртенді тепсең жер бүлініп,
шайқаста шаншылып Қолымыз,
қайнады қалыңдап сорымыз,
қарулас берендер жазым боп,
жайрады оңы мен солымыз.
өршіді тозақ от аралы,
мен жаттым аяқ-қол жаралы,
сарбаздар түп-түгел қырылды,
дәл сол күн мен үшін қаралы.
Қатарда ең соңғы, сол бір ер:
айқаста Намысты арлады,
жау оғы толассыз сарнады,
көмейден оқ ытқан оқпанға
гранат пәрмендеп қарлады.
Оқборан кеудесін төседі
Талқан боп зіркіл үн өшеді,
өкшелес полк кеп: «Ура! -лап»
Жеңістің самалы еседі.
Өзінің:
орнынан тұрмағы ауыр –ды,
қансырап тұла бой ауырды,
нөсер оқ ақтарып кеудесін,
бөлген-ді іш-қарын, бауырды.
Соңғы рет көз тастап айнала,
Көк аспан, көк шалғын, сай-сала,
Көздеген көкейде көп арман,
Іркілді тіліне байлана.
... Боздақтың ышқынып демдері,
Жігері ес жиып дем берді,
Ақырғы сөздерін айтуға
Тарылтты сұм соғыс кең жерді:
«-Жылғадай жағасы қияқсыз,
Сапарым үзілмек аяқсыз,
Жалғыз ем әулеттен шаңырақ,
Шайқалып жойылмақ тұяқсыз!
Хош болың ! – айтамын еліме,
Рухымды шыңдаған жеріме,
Қасқайып қайтарар еріме.
Ұрыстың, әр кезі жалындау,
Талайдың ай жүзі жабылмау,
Маған да бұйырған сияқты,
Алаңын мәңгілік дамылдау...»
Шамасы осыған көнеді,
Мезгілі ажалдың төнеді,
Қапыда кетсе де жауына
Тістеніп...дүниеден жөнеді...
...Қаншама хас батыр мерт кетті,
Тірілер кек үшін серт етті,
Бейнесі сол жасын қалпында
Бес мүшел бойына дерт етті.
Бәрі де бірегей батыр-ды,
Бір өзі он санға татыр-ды,
Жан қиған Отаны – ел үшін
Жандары жаннатта бақұл-ды!»
Қияпат әкелген соғысқа
Ішінде сақтады қыжылды.
Жайдарлы жүзімен көңілді:
«- Біз жеңдік!
Жеңістің сөресі – Аманат:
майданнан қайтпаған ерлерді –
жадында сақтауға жамағат,
өмірді сүруге саламат
тіріге тигізу шапағат!
Соғыстың мәресі – Өкініш
Қасірет әкелер ғаламат,
Қадірін Жеңістің білуге
Ұмтылыс керек –ақ әркімге –
Мықты рух, өр намыс, қанағат !»
Баталы тілекпен төгілді:
« - Ұрпағым қарымды, жалынды,
Бар іске алымды, шалымды,
Намысты, табысты жігермен –
Еліміз дәулетті, сәулетті,
Әрқашан өрлеген әулетті,
Халқымыз аман да тоқ болсын,
Дұшпаны, қайғысы жоқ болсын !» -
Жараны қозғаған Қорап та,
Осы сәт уыста мыжылды.