ОТПАН ТАУЫ
Бабаларым Отпан тау деп жер атын,
Атап кетті өрлетер деп ер атын.
Найза шыңы Арман болып көрінер,
Бір шығуға құмартады өріне ер.
Дәуірлерде қыраттары қырланған,
Қошқылданып жүзі сұсты сырланған.
Басқыншылар айбатынан қаймыққан,
Асуларын еңсере алмай сай бұққан.
Кеудесімен жауын серпіп қайырған,
Шауып алу пиғылынан айырған.
Тұлғасымен өз еліне пана боп,
Берешегі мейірлене дала боп.
Бұл дүниенің мәні мәңгі тірлікте,
Өркендетер өмір парқы бірлікте –
Екендігін ұқтырғандай Ана боп,
Ен далада тұрып қалған Дана боп.
Шыңдарынан нұр төгілтіп айнала,
Гүл оранды қала, дала сай-сала.
Сыртқы жаудан қалқан еткен бабалар,
Арқа сүйеп,табан тіреп ағалар,
Елін, жерін танымастай түлеткен,
Шөл далаға жұпар иіс гүл еккен...
Қасиетті топырағын уыстап,
Жүріп келем Баба жерде Ту ұстап.
Айбын болған мың да бір сан төзімді,
Жандарына жақын тартар өзімді,
Отандасқа жиі-жиі кезігем,
Отпан таудай оқшау ойлы сезінем.