СОНДА ЕШТЕҢЕ БЕРМЕП ЕДІ...
Астанадағы «Пекин Палас» мейрамханасында Қазақ- станның Құрметті журналисі Әділбек Құмарғажин кіші ұлы Темірланның үйлену тойын жасады. Оған жан-жақтан ағайын-жұрағаттарының бәрі келді. Астанада тұратын бірта- лай жерлестерін де шақырыпты. Ішінде өткен ғасырдың тоқ- саныншы жылдары Катонқарағай ауданының әкімі болған Жанымхан Қаюұлы Құндызбаев та бар екен. Мен оған баспа- дан жаңа ғана шыққан «Қаратай батыр» атты кітапшамнан бір дана ала барғам. Жәкең соны қарап, ішін аударыстырып отырғанда, Әділбектерге күйеу бала, Маңғыстаудан келген, руы Адай Раббим деген жігіт келіп танысты бізбен.
– Мынау күйеу балаға да бір кітап берсеңші, – деді Жәкең маған.
Мен қолтаңбамды жазып жаңадан танысқан күйеу балаға бір кітап ұсындым. Ол қолына алып, риза болып:
– Сізді сыртыңыздан білем, мақалаларыңызды оқып жүрем. Рахмет, кітапшаңызға. Мынау көрімдігім, – деп он мың теңге ұстатты маған.
– Көрімдігімді Сізге байладым, – деп мен оны Жәкеңе бердім.
– Ой-ой, Кәке, мұныңыз қалай? Әйтеуір, әкімдер ала бе- руші еді деп беріп жатырсыз ба? – деп күлді күйеу бала.
– Жоға, – деді Жәкең, – мен әкім болып жүргенде, 1990 жылы Қайырдыны аудандық «Арай» – «Луч» газетіне бас редактор етіп қойғам. Сонда ештеңе бермеп еді. Кеш те болса, содан жиырма бес жыл өткеннен кейін, сонысын беріп жатқаны ғой.
– Сөз тапқанға қолқа жоқ. Әзілің жарасса, атаңмен ойна дегендей, замандас, құрдас екенсіздер, бәрі жарасып тұр, – деп мәз-мейрам болып күлді Раббим.