07.06.2022
  365


Автор: Ескен Елубаев

42 әріпке алфавит жұмбақтар жауабымен

«Əлiппеде» жоқ,
Қаламда бар.
Əрiптерде жоқ,
Ғаламда бар.
(А)
Сəбитте бар,
Ғабитте жоқ.
Мəлiкте бар,
Хамитте жоқ.
(Ə)
Балда бар,
Қантта жоқ,
Байда бар,
Халықта жоқ.
(Б)
Вагонда бар,
Жолда жоқ.
Заводта бар,
Қолда жоқ.
(В)
Жүгенде бар,
Шылбырда жоқ.
Жiгерде бар,
Сылбырда жоқ.
(Г)
Тағада бар,
Тұяқта жоқ.
Жағада бар,
Құлақта жоқ.
(Ғ)
Үйде жоқ,
Далада бар.
 Бiрде жоқ,
Дарада бар.
(Д)
Шелекте бар,
Бақырда жоқ.
Сенекте бар,
Ақырда жоқ.
(Е)
Шахтёрда бар,
Көмiрде жоқ.
Вахтёрда бар,
Темiрде жоқ.
(Ё)
Əжеде бар,
Шешеде жоқ.
Көжеде бар,
Көшеде жоқ.
(Ж)
Азда бар,
Көпте жоқ.
Қазда бар,
Шөпте жоқ.
(З)
Мысықта жоқ,
Итте бар.
Күшiкте жоқ,
Китте бар.
(И)
Айда бар,
Күнде жоқ.
Шайда бар,
Түнде жоқ.
(Й)
Сəкiде бар,
Қорада жоқ.
 Бəкiде бар,
Арада жоқ.
(К)
Тоқта бар,
Ашта жоқ.
Шоқта бар,
Шашта жоқ.
(Қ)
Селде бар,
Сеңде жоқ.
Желде бар,
Жерде жоқ.
(Л)
Мамырда бар,
Ақпанда жоқ.
Қамырда бар,
Ақ нанда жоқ.
(М)
Менде бар,
Меңде жоқ.
Сенде бар,
Сеңде жоқ.
(Н)
Теңгеде бар,
Ақшада жоқ.
Жеңгеде бар,
Бақшада жоқ.
(Ң)
Шорқақта бар,
Ақында жоқ.
Қорқақта бар,
Батырда жоқ.
(О)
 Елiкте жоқ,
Көлiкте бар.
Берiкте жоқ,
Бөрiкте бар.
(Ө)
Партада бар,
Тақтада жоқ.
Пальтода бар,
Қалтада жоқ.
(П)
Қарда бар,
Шықта жоқ.
Жарда бар,
Ықта жоқ.
(Р)
Табақта жоқ,
Кеседе бар.
Қабақта жоқ,
Көседе бар.
(С)
Шашта жоқ,
Мұртта бар.
Баста жоқ,
Құртта бар.
(Т)
Науада бар,
Бұлақта жоқ.
Жуада бар,
Жырақта жоқ.
(У)
Жұртта бар,
Бiзде жоқ.
Бұлтта бар,
Күзде жоқ.
(Ұ)
 Əнде жоқ,
Күйде бар.
Пəнде жоқ,
Үйде бар.
(Ү)
Мыста жоқ,
Фосфорда бар.
Қышта жоқ,
Форфорда бар.
(Ф)
Ахметте бар,
Айшада жоқ.
Шахматта бар,
Қайшада жоқ.
(Х)
Сарада жоқ,
Гауһарда бар.
Қалада жоқ,
Шаһарда бар.
(Һ)
Сырықта жоқ,
Циркте бар.
Сыныпта жоқ,
Цинкте бар.
(Ц)
Сербте жоқ,
Чехта бар.
Гербте жоқ,
Чекте бар.
(Ч)
Балтада жоқ,
Шалғыда бар.
Қалтада жоқ,
Шаңғыда бар.
(Ш)
 Тəттiде жоқ,
Ащыда бар.
Қаттыда жоқ,
Тұщыда бар.
(Щ)
Разъезде бар,
Ауылда жоқ.
Съезде бар,
Қауымда жоқ.
(Ъ)
Ұзында бар,
Тапалда жоқ.
Қызылда бар,
Қатарда жоқ.
(Ы)
Онда жоқ,
Бiрде бар.
Қойда жоқ,
Пiлде бар.
(I)
Шинельде бар,
Тонда жоқ.
Кительде бар,
Қолда жоқ.
(Ь)
Эшалонда бар,
Керуенде жоқ.
Эрмитажда бар,
Серуенде жоқ.
(Э)
Қоюда бар,
Сұйықта жоқ.
Тоюда бар,
Тұйықта жоқ.
(Ю)
 Жыланда жоқ,
Шаянда бар.
Бұланда жоқ,
Баянда бар.
(Я)





Пікір жазу