«...ТҮН. ЕСІК ҚАҒЫЛДЫ...»
...Түн.
Есік қағылды.
Есік қағылды.
– Кім?
Шынашақтай бала едім.
Ес білемін.
Атам сол түн құбылтып кескін, өңін.
«Келді...» деді есіктен көзін алмай,
«Келсе, қане?
Мен неге естімедім?»
Есікті ашпақ боламын.
– Тоқта, ботам...
Қолымды ұзақ аялап отты алақан.
Кетуімді өтінді ыммен ғана,
Құбылаға бет бұрып жатқан атам.
Мендей қырсық болар ма бала атаулы,
Бірге атырдық ұйқысыз ала таңды.
Көз ілуге қорқамын,
Қалғып кетсем,
Біреу алып кетердей жан атамды.
Содан кейін мен оны «күзетпедім»...
Содан кейін мен оны «күзетпедім»...
– Атаң өлді! – дегенді білем, және
Білем алғаш жүрегім тыз еткенін.
Еріксізден
мөп-мөлдір тамды да ақық,
Қала бердім көзімді жаудыратып.
...Біреу түнде ұрланып келіп менің
Есігімді қағып жүр соңғы уақыт.
...Түн.
Есік қағылды.
Есік қағылды.
– Кім?
Қуаныш Жазай