07.06.2022
  196


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

КӨКТЕМ, КӨКТЕМ...

Көктем, көктем
зарығып күтем сені,
Бұзылсын деп
көңлімнің қатпар сеңі.
Жадыратып жанымды тербететін,
Соқсын деп бал сезімнің самал желі.
Күттім сені
ашсын деп жүрек сырын,
Сақтаулы көңілімде сезім шырын.
Қаһарлы қыстан қорқып үндемедім,
Тежеу сап көңіліме ежелгі ырым.
Көктем келді!
Ерекше шаттанамын,
Ойлап сені,
ойыма ап тоқталамын.
Жүрегімді тербеткен со бір сөзді,
Қаншама рет айтуға оқталамын.
Аңдып талай
жолыңа көп қарадым,
Сені көрсем
ыңғайсыз боп қаламын.
Тартпаймын
бұрымыңнан сезесің бе?
Мен биыл
бұрынғыдан жат баламын.
Өзіме-өзім
Кей кезде таң қаламын,
Сезімді ақ қағазға ақтарамын.
Ойымды жеткізе алмай қалған кезде,
Жүректі торлап алар қап-қара мұң.
Таусылмаған
қыстың салған зор әні,
Ерте көктем,
көктеген жоқ жер әлі.


Қарлы боран ақша қарға ауысып,
Жатыр далам бусанып көр әні.
Тамырына
әлсіз ғана жан еніп,
Жусан жатыр
ақша қардың астында.
Қырдың үсті
қаптап жүрген сан елік,
Шуақ іздеп түскен дүбір босқынға.
Осы бір кез
ерекше бұл далада,
Таба алмайсың
бұл кезге түр балама.
Ырызығы аң-малдың кейбір шөптер,
Қар астында бастайды бүр жара да!
Сарыұзынның белгілі сыры маған,
Күшке мініп,
күн де әлі жылымаған.
Шыдай тұршы,
келгенше жіңішкеріп,
Ұлы күн, жайма шуақ - Ұлыс ағам!





Пікір жазу