07.06.2022
  129


Автор: Сәдуақас Абдынасырұлы

МЕН ЕМЕС ЕМЕУРІНДІ ҰҚПАС ЕРІҢ

Ой қуып,
ерте есейіп, ерте өстім,
Бұл жолда
ақыл айтар болмады ешкім.
Сондықтан
бірде дұрыс, бірде бұрыс,
Өмірді аума-төкпе бастан кештім.
Жоқшылық
қаумалады айналамды,
Сонда да салған жоқпын байбаламды.
Нарық та құрығынан құтқармаса,
Көңілім енді қалай жайланады.
Біреулер


өз балам деп аймалады,
Біреулер бұл кім ед деп ойланады.
Біреулер немқұрайды көзқарасы,
Түгендеп жатсын қазір қай баланы?


Өзің біл не десең де ағайындар,
Өздерің маған баға тағайындар.
Еркелеп ағайынға базыналап,
Айтатын бұл сөзімді орайым бар.
Келгенде алыс жерден арып-ашып,
Қайсысың қарсы алдыңдар құшақ ашып.
Бай ма екен, бастық па екен дегендейін,
Алыстан сұрау салдың тиіп-қашып.
Мен емес емеурінді ұқпас ерің,
Қалай да есепшілік ұтпас ебің.
Бай болсам, бастық болсам айналамнан,
Үймелеп шыбындайын шықпас едің.
Сонда да мен сендерге өкпелі емен,
Қайтейін ой-өрісің болса төмен.
Әлде де жанымды ұғар бар ағайын,
Өтейін мен олардың көңлін немен?





Пікір жазу