07.06.2022
143
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-06-07-21-51-15.png)
ЗАМАН САҒАН ӨКПЕЛІМІН
Тарам жолдар
бұл өмір өткелі мың.
Отырғам жоқ,
Сендерге төккелі мұң.
Жүрегімді ауыртар қайғы-дерті.
Заман саған
Мен өзім өкпелімін.
Өкпелімін
түлкідей бұлаңдайсың.
Кейде арудай
Көз бояп сылаңдайсың.
Қайтсең дағы
Жақпайсың көңіліме,
Кей сәтте
Түсі суық жыландайсың.
Жыландайсың
тұрасың шашып ызғар.
Көрген кезде
Көңілім қатты мұздар.
Қатпарланған
Жүректің тоңы болып,
Қалған содан
көңілде кетпес сыз бар.
Кетпес сыз бар,
Жібітер заман бар ма?
Иіріміне тарта ма дария-арна?
Тілегім бар
Жалғыз-ақ баршаңыздан,
Түспесінші
тек сызат сезім, арға!