КЕҢ ӘЛЕМ ҚИЫР ҒАРЫШҚА ҚҰЛАШ СЕРМЕДІМ
Мен сұлу сөзге
Болған емеспін әсте, құмар көп,
Үкілі ойлар айта аламын ба,
білмеймін көпке тұмарлап.
Оңашада кейде
өзіммен-өзім тілдесіп,
Қырық құрау болған
Ойымды жазам
бір кісі ақыр ұғар деп.
Уақытты тауып
Оқысаң мұны өзің біл,
Шыдап көр тағы,
неге көнбеген төзім бұл.
Мендегі жүрек
Соғады Сен деп сондықтан,
Арнадым Саған сезім жыр.
Қайтемін бекер
қағазды босқа қаралап,
Десем де болмас,
жүрегім менің жаралы-ақ
Жазбауға болмай
қолыма қалам алдырар,
Байқасам болды
өмірді мынау саралап.
Жаза да алман,
не болса соны шимайлап,
Мендегі ойлар
кеудеме әсте сыймайды-ақ.
Сезімді қалай
жеткізсем екен сіздерге
Міне, осы мені
шынымен нағыз қинайды-ақ.
Қиял көп менде,
кетемін кейде көкке өрлеп,
Көкірегім толы
тұрады сезім бал кернеп.
Түсінші жаным
Сен де бір мені өзіңдей,
Ақтарылып жатса
Теңіздей толқып ой өрнек
Кең әлем қиыр,
Ғарышқа құлаш сермедім,
Миығыңнан күлме,
Жоқ деймісің басқа ермегің.
Ойыммен өрлеп,
Шексіздіктен көз сап қарасам,
Жер-жұмыр,
Дөңгелеп ғұмыр
барады басқа көрмедім.
Көргенді айтсам,
Сезіммен әсте қызынбай.
Көңілім тұрмас,
Лайланбай нілдей бұзылмай.
Жер үстінде тұрады екенбіз
Аяқтың әрең ұшында,
Ұлы Пикассоның
«Шар үстіндегі қызындай».
Қарасам жерге бәрі де лас
ауа да қазір ып-лас.
Түзейтін оны
бар ма екен жұртта ықылас?
Адамдар неткен
безбүйрек болып барасың,
Қараулық құртар
Түбінде бізді ып-рас.
Білмеймін қазір
адамдар неткен қомағай,
Қайдасың бауыр?
Ел үшін туған Толағай!
Боқ сасып жатқан
Жамандықтардан жердің бетіне
Кеткім де келер жоламай!
Жалғаншы дүние,
деп еді білген, - бес күндік,
Қағидамен осы,
ер жетіп біздер ес білдік.
Тойғанда қарын
Күмпидік тағы ісініп,
Дүниені жалпақ
басқандай тағы төске ұрдық.
Әдеттен осы
Келеді жаман жиренгім,
Ал сен де досым,
арамзалықтан именгін.
Дүние әлем мынау
ашылар жаңа жердей боп,
Тылсыммен жаным,
Тілдесіп сен де үйренгін.