ТУҒАН ЖЕР
Ұмытпайтын ойпаты мен қыратын,
Селт еткізіп мойыныңды бұратын.
Бір жер болар магниттей тартқылап
Әр адамды ынтық қылып тұратын.
Сені мықтап байлап қойған шегелеп,
Мұның мәнін сұрамағын неге деп?
Жанға жайлы әр адамға бір жер бар,
Ауасының өзі қандай керемет.
Тек сол жерде айдарыңнан жел есер,
Қолтығыңнан қошеметпен демесе ел.
Ол жердегі тауларының қызығы –
Ұшам десең қанат тағып береді.
Ол жерде шын саған қарап бақ күлед,
Ой-бойыңа бір рахат кіред.
Ол жердегі бақшалардан жегенде –
Шикі алманың өзі ерекше тәттірек.
Сол жер ғана бойға дарын дарытар,
Сағыныштың ақ түймесін ағытар.
Осындағы өмір сүріп жүргендер,
Бір ерекше жанашырлық танытар.
Осы жерде өтер қызық-мұңлы күн,
Білер бұл жер қыз бен батыр ұл құнын.
Бұл жер қалай саған ыстық болмасын,
Кесілген соң туған сәтте кіндігің?!
Махаббаты тереңдеген көл екен,
Осы жерде құтың және берекең.
Топырағы алтын сынды бір уыс,
Туған жер деп аталатын жер екен.