07.06.2022
  128


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

ТӘУЕЛСІЗДІК – БИІК ТУЫМ, АЙБЫНЫМ

Есіл ерлердің бойында ыза-кек қайнап,
Азаттық үшін қақтығыс жылдап, өтті айлап.
Бабамыз сорлап, қайғы бұлтының астында
Өтіпті талай тар жолдар кешіп, көк тайғақ.
Білектің күшін, найзаның ұшын көрсетіп,
Атойлап ерлер жауына талай шекті айбат.
Солардың соңы сексен алтымен ұштасқан,
Өрімдей ұл-қыз қазақ намысын бек қайрап.
Азаттық дейтін бабаның ізгі арманын
Халқының кеткен қанжығасына дөп байлап.
Жиырма бес жыл да өтіпті кірпік қаққанша,
Тарих оған алтын әрпін етті айғақ.
Батырын аңсап жыл сайын өксіп тұрады
Алматыдағы қанға боялған текті аймақ.
Алаш көгіне алтын күн шашып шуағын,
Батыл боздақтар қайғының бұлтын кетті айдап,
Өр Қазақстан - тәуелсіз ел деп әлемге
Жар салып биік тұғырында тұр көк байрақ.





Пікір жазу