АТЫ ШЫҚПАЙ ҚАЛҒАНДАР...
...Əншейiнде ұстамды
Дейдi алып Пiл қапалы,
Мысал қылып
Тышқанды,
Басын шайқап жатады.
– Он екi жылдың бiреуi
Неге соның атында!?
Кiм болды екен тiреуi,
Менен зор сол пақыр ма?!
Пiл болсақ да бақандай,
Опа таппай, оңбадық,
Атымыз жүр аталмай,
Тышқан құрлы болмадық!...
Ең тектi құс –
Бүркiт те,
Мысалға алып Тауықты,
Айтар ойын iркiп пе,
Тауыққа ол жауықты.
– Он екi жылдың бiреуi,
Неге соның атында?
Кiм болды екен тiреуi,
Менен зор сол пақыр ма?!
Бүркiт едiк бақандай
Атым шықпай, оңбадық,
Еленбедiк аталмай,
Тауық құрлы болмадық!..
...Қолтырауын азулы,
Мысалға алып Жыланды,
Адамдарға ашулы,
Жасын төгiп жылайды.
– Он екi жылдың бiреуi,
Сол жылбысқы атында.
Кiм болды екен тiреуi,
Менен зор сол пақыр ма?!
Қолтырауынмын бақандай,
Атым шықпай, оңбадық.
Елеусiз қап аталмай,
Жылан құрлы болмадық!..
...Қасқыр – түздiң тағысы,
Мысалға алды Иттi ол:
– Мен ем жыртқыш нағызы,
Болдым дейдi, – тiптi қор,
Он екi жылдың бiреуi,
Неге Иттiң атында,
Адам ба екен тiреуi,
Менен зор сол пақыр ма?
Қасқыр едiм бақандай,
Атым шықпай, оңбадық.
Еленбедiк аталмай,
Барақ иттей болмадық!..
...Жүретұғын шатақсыз
Өкпе айтпаққа жүйелi:
– Мен де қалдым атақсыз, –
Деген кезде Түйенi,
Ел тоқтамға шақырды;
– Сенiң боздар жөнiң жоқ,
Қалдырдың өз атыңды,
Атағың бар сенiң, – деп,
– Жөнсiз, кiнə артарың –
Дедi ел, – озып тұр басың,
Отыз алты картаның
«Түйе» дейдi бiр «мəшiн»...
«...Қарқ-қарқ» еттi тақпақтап,
«Ұмыт қалды есiмiм», –
Қарға шықты айтпаққа,
Шағымын бiр өзiнiң.
– Жөнсiз , кiнə артарың, –
Дедi ел, – озып тұр басың,
Отыз алты картаның
«Қарға» дейдi бiр «мəшiн»...
...Аты қалу қақында,
Дауласқанда Көкек кеп,
– Бiр ай өзiң атыңда, –
Дедi ел, – сол да жетед, – деп.
Оны азсынып Көкек тұр,
Алғанына Ай атын.
– Жөнi едi, – деп те тұр, –
Жылдың атын алатын...
... Жəне Түйе ойлайды,
Өкпесi бар айтатын.
«Неге Ай атын қоймайды,
Қойғанша ойын карта атын?!
...Қарға көңiлi толмады
Өкпесi бар айтатын:
«Неге басқа ат қоймады,
Қойғанша маған карта атын»...
...Болса дағы лайықсыз,
Ат алған көп мəңгiлiк,
Жазмыш деген парықсыз,
Кейде осындай əңгүдүк!...