07.06.2022
  112


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

АСТАНА

Аққу-қаз қонбайтын көл болмас,
Ондай көл бар ма екен, кім білген?
Астана салмайтын ел болмас,
Даңқын дүниеге білдірген.
Жарасып өзіне бедері,
Сән түзер әп-әсем қалалар,
Тек қана шебердің шебері
Көрікті астана сала алар.
Өлеңді бастайды тіл өзі,
Осылай басталып сөз басы,
Астана – сол елдің тірегі,
Ғылым мен мәдениет ордасы.
Лайық ел билеу хандарға,
Сөзімнің мәнісін аңғарғын.
Ең алғаш дәм тартып барғанда,
Астана, көркіңе таң қалдым.
Астана, арудай әз қала,
Еніпсің ғажайып мүсінге,
Оянған адамдай жап-жаңа,
Бұл өзі өңім бе, түсім бе?
Өзіңді көруге асығам,
Ғажайып шырқалшы, қайта әнім,
Таң қалдым, несіне жасырам,
Өзіңді жыр қылып айтамын.
Жайымды деп айтшы түсінем,
Қол жетпес арман ең сен маған.
Ойланып, толғанып көңілден,
Сазгер де саған ән арнаған.
Бәйтерек басына бір шықсаң,
Самұрық төбеңде тұрғандай.


Шабытпен жүректен жыр шықсаң,
Жүзіңнен кетеді мұң қалмай.
Мұң емес қуаныш кернейді,
Ақынның бірі боп ең өжет.
Көңілім қалайша желмейді,
Астана, көркің бар керемет!





Пікір жазу