07.06.2022
  172


Автор: Талғат Қайбұллаұлы

КӨК БАЙРАҚ

Жыр болып төгіле бер, жақсы ойларым,
Бал-шекер жыр деп білгін жақсы ой дәмін.
Тұңғыш көріп көзіме жас алғанмын,
Желбіреп тұрғанда асқақ көк байрағым.
Көк байрақ, елімізге бір күш бердің,
Басы сенен басталып үлгі істердің.
Көк бөрі тектес елдің көк байрағын
Елбасының қолынан тұңғыш көрдім.
Сол сәт менің көңілімді елжіреткен,
Көкке өрлеші, көңілім, сергіп өткен.
Асқақ рухты айналдым спортшылардан,
Ең алғаш Атлантада желбіреткен.
Елжіреген, көңілім, елжіреші,
Дей алмаймын, көңілім, сергімеші.
Қазақстан әр түкпір аймағынан
Желбіреші, көк байрақ, желбіреші!
***
Қалайша шыға алмайды үнім менің,
Шабыт қысқан сәтім ғой бүгін менің.
Көк байрақтың бетінде бейнеленген,
Сөнбеші шуақ шашқан, Күнім менің!
Сөзімді отырған шығар ұғып бәрі,
Аман болсын қазағымның ғұрыптары.
Шуақ шашқан Күн бетін байрақтағы
Баспасын күндестіктің бұлттары.
Баспасын жамандықтың бұлттары,
Қандай жаман зұлматтың суықтары?!
Әр шаңырақ сол Күннен шуақ алып,
Босамасын ешқашан уықтары.
Босамасын еш шаңырақ уықтары,
Қазағымның тасысын ырыс-бағы.
Жүз қырық ұлт жатсынбай жерімдегі,
Қолына көк байрақтай ту ұстады.
Көреді байрағымнан анықтаған,
Күн астында қыран құсты қалықтаған.


Қыран құсым, биікке ұш, төмен ұшпа,
Құс төресі ең қанатты жарыспаған.
Құс төресі ең қанатты жарыспаған,
Дей алмаймын арманым алыс маған.
Қыранның қырандығы осында ғой,
Қыранмен қарға-құзғын алыспаған.
Көк еді ғой байрақта түс белгісі,
Күн белгісі содан соң құс белгісі.
Үш деген киелі сан қазақ үшін,
Байрақтың бар осындай үш белгісі.
Желбіреші, көк байрақ, желпілдеші,
Дей алмаймын байраққа, жел тимеші.
Айтарым – Қазақстан атауына,
Көк байраққа жаман ат келтірмеші.
Жаман ат келтірмеші, туыстарым,
Сөзімді әлі халқым, дұрыстармын.
Мен әлімше төбемде тік көтеріп,
Көк байрақ, ант етемін, тік ұстармын!





Пікір жазу