06.06.2022
168
БЕЙСУАТ СӨЗ
Мен ұмыттым арабтардан қашуды,
Білмейтұғын рыцардай ашулы
Неміс тілін...
Рингті...бәйгені,
Сен ұмыттың маған амандасуды.
Өңешімнен тамақ өтпей, шай батпай,
Жаным елсіз кемесі жоқ айлақтай.
Екі күнде етім түсті сылынып,
Қалғи берем қаңтарулы бәйгі аттай.
Шекесіне жебе тиген жандайын,
Шағып тұрып солқылдайды маңдайым.
Апиыны ада болған бәңгідей,
Миым мең-зең, дәм сезбейді таңдайым.
Қапқа салып арқаласаң – құм да жүк,
Мұң да сондай, бірақ байғұс жырға азық.
Көпестей боп көріндім бе көксақал,
Құрбашыдай көріндім бе ұр да жық?
Мен тозақта ғұмыр кештім бір апта,
Сен рақат көрудесің жырақта.
Тозаққа сап күйдіргендер бұл мені,
Шығады деп естіп пе едің жұмаққа?!