06.06.2022
244
Ақ бетіңді бір өпкенім ас еді...
Ақ бетіңді бір өпкенім ас еді,
Сол қоректің айтып болмас әсері.
Алпыс екі тамырымды қуалап,
Жүгіретін бар сезімнің әсемі.
Сол сезімнен бір музыка туатын,
Санам, жаным, сарайымды жуатын.
Енді, міне, әл-дәрмен жоқ, ән түгіл,
Күрсінуге жетер емес қуатым.
Қайран басым, Майменедей айбарлы,
Қайран басым, Майсарадай айдарлы!
«Сүйем сені» деп жылаған үздіксіз,
Жалғыз сөздің қайнарына айналды.
Ақ бетіңнен бір өпкен күн өр едім,
Бейшораның күнін қалай көремін?
Қайрылмай, қайда кетіп барасың,
Қара көзбен ішіп-жеген қорегім?!