06.06.2022
99
Туғызбап еді Ақынға ол ақырет нендей...
Туғызбап еді Ақынға ол ақырет нендей,
Оның да күні, апыр-ай, ақыры өткен бе, ей?
Жұрт жұтты мұның қақала мақалаларын,
Брезенттен жасалған котлеттердей.
Конформизм тұрғанда сезіп те өлмесін,
Лауазымдары жан-жаққа безіп бермесін:
«Құлагерді» құрдымға жіберіп, малғұн,
Берия түстес есектен озып келгесін.
Тәртедей түзу. Тәртіпті, төкпеген мұңын,
Өлеңшілердің әлі күн сөкпеген бірін.
Ақындарға мін қылды қажетті кезде,
Жүгеріге айналып кетпегендігін.
Ортасын бермей отырды-ау шіреніп төрдің,
Абыройы енді аузына тіреліп көрдің,
Сөйлейді баяу, бұл күнде жүреді баяу,
Лауазымына ие боп тірі өліктердің.