06.06.2022
  122


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Біраз тілді үйренгем жоқ тегіннен...

Біраз тілді үйренгем жоқ тегіннен,
Бір кісідей білем барлық мұраны.
Шоң кеңсеге ертең барар едім мен,
Сені көргім келеді де тұрады.
Сағыныштың күш-қайраты неге осы,
Мақсатыңды жерге алып ұрады?
Сен жүрген жер секілді бір жер осі,
Сені көргім келеді де тұрады.
Мен таппаған, мен айтпаған сөз қалмай,
Көбейсін деп қазекеңнің жыр-әні.
Дастандарды төгер едім қозғалмай,
Сені көргім келеді де тұрады.
Салыңқырап кеттім білем, сірә, мен,
Арақтың да көп қой кесір, лаңы.
Әр нәрсенің басын шатып жылар ем,
Сені көргім келеді де тұрады.
Мен нәзікпін, мызғымастай ер емен,
Құлағыма кірмейді елдің ұраны.
Баяғыда-ақ мен атылып өлер ем,
Сені көргім келеді де тұрады.
Таудан көшкін көше ме екен еңселі,
Ерір ме екен ағаштардың сеңсеңі.
Сенің қолың деген қол бар, мен соны,
Соны білгім келеді де тұрады.





Пікір жазу