06.06.2022
  223


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Ен-таңбасыз екі тәулік бірге өлді...

Ен-таңбасыз екі тәулік бірге өлді,
Дүйсенбі кеп дүн-дүние түрленді.
Мен сенбі мен жексенбіні жек көрем, –
Сені маған көрсетпейтін күндерді.
Бақыт? Жоқ қой! Жоқ нәрсеге жылама,
Сәрсенбіні қосақ қылмас жұмаға.
Бейсенбідей арамыз бар. Не шара,
Ирандықтар атын қойған Құдаға?
Құда, яки алашша айтсақ, Құдайдың,
Құрметінен құр қалғанға жылаймын.
Сен әулие бұлақтайын мөлдірсің,
Қақтан таяз, шалшық түбі – лаймын.
Жымиып-ақ жұмақ қылар төріңді,
Жүзі сүттей, жұқа, қызыл ерінді.
Көкем менің, көңілде өлген сәулені,
Білмей далмын қалай тірілтерімді.
«Оңайын-ай» сені өзгеге қиюдың,
Жынданбассың миды шақса бүйі у мұң.
Жазығым жоқ есім ауса, жас Тәңір,
Мен – маскүнем, сорлы, ғашық диюмын.
Дүн-дүние төңкеріліп баратты,
Өрттің бәрі өңешімнен әрі ақты.
Мұң көтермес көке жасық миғұла,
Мұңды кезде көтере алмас арақты.
Көзімнің де көбейіпті ақ шелі,
Мен қайтейін, сорлы тіл мен жақ, сені.
Қарғысыңды күйі ескіден сатып ап,
Оқығанмын...Өлгенім-ақ жақсы еді.
Жалпылдақша бара жатыр жүз жанып,
Арамызда перде қалып, сыз қалып...
Не қылсаң да мызғымаспын енді мен,
Қуанбасам, мұңданбаспын қызғанып.
Мылқау болған жіпсіз байлап бай тілін,
Арттыра алман жаман Жұматай құнын.
Ақ Тәңірдің өзі ғана біледі,
Кімді жасқап, кімді жарылқайтынын.
Бір күлгенде-ақ жұмақ қылар төріңді,
Жүзі сүттей жұқа, қызыл ерінді,
Көкем менің, көңіліңде өлген сәулені,
Білмей далмын қалай тірілтерімді.
Ақ кемедей сен отырған кеңсе нақ,
Мұхит кезіп кетердей-ақ ел санап...
Көрмей сені тұра алмаймын, аптығам...
Мылқау мұңға айналамын көрсем-ақ...
Кеше, арғы күн сәуле, нұрсыз бірге өлді,
Дүйсенбі кеп дүн-дүние түрленді.
Тек сенбі мен жексенбіні жек көрем,
Сені маған көрсетпейтін күндерді.





Пікір жазу