Көрер киноң, ішетұғын бар асың...
Көрер киноң, ішетұғын бар асың,
Тар бөлмеге қамаласың, қаласың.
Қаласың да кезесің де жүресің,
Тоңазытқыш, теледидар арасын.
Шам көретін сипасаң да шашынан,
Бір пәле ойлар кетпейтұғын басынан,
Мына ғасыр өз әйелің секілді,
Орта ғасыр секілді бір ашынаң.
Не боп кетті, жердің жүзі өсе кеп?
Орта ғасыр, сені аңсаймыз кеше деп.
Орта ғасыр Қожанәсір секілді,
Көрсететін дарға асарда қошемет.
Өзгешелеу қаһары мен мейірімі,
Абай ол шақ адамдары дейді ірі.
Бұрайсың кеп теледидар құлағын,
Орта ғасыр, қайдасың деп кей күні.
Орта ғасыр таныс біраз маған да,
Көп салынған сарайлар да, қамал да.
Орта ғасыр көрсететін қошемет,
Ақырында дарға асылар адамға.
Орта ғасыр, сені айтамыз кеше деп,
Романдар жазамыз да неше бет.
Орта ғасыр өлетұғын адамға,
Көрсететін шын жүректен қошемет.