06.06.2022
160
БІР ЖІГІТ АЙТЫПТЫ
Сөз табармын адамзатты құптарға,
Кетпейтін дақ, жойылмайтын дық бар ма?
Жұртым мені той алдында ұмытып,
Шақырады дау-жанжалы шыққанда.
Қызық тойдың қызық емес жеріне
«Әке, көке» апарады мені де.
«Қой, батырым» деген сөздің әсері,
Байланысты айтатұғын еріне.
Әр қазақтың жүйрік аты өзіне,
Күйдірмесе мән бермес ем сөзіне.
Жәй күндері «тұрқы кіші, қораш» деп,
Тұлпарымды ілмейді жұрт көзіне.
Жау шапқанда сулығынан жетектеп,
«Бір жетсе, енді сенің атың жетед» деп,
Тұлпарымды тартады жұрт алдыма,
Баласындай әлпештеп жұрт малды да...
Мені көрмей ұйықтап тұрсаң, оян, ел,
Өзің болсаң, жолыңды бер, ноян-ер.
Жұрттың аты жетпегенде – қоя бер,
Жұрттың сөзі өтпегенде – қоя бер!