06.06.2022
  111


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Ол өлердей – қона қалса маған бақ...

Ол өлердей – қона қалса маған бақ,
Аузы жеткен әруақтарға жамандап,
Қысқа күнде қырық рет қынжылтып,
Кеше алдаған, күліп кетті және алдап.
Шауып алған жоқ едім мен қонысын,
Арамызда қыз дауы да жоғы шын.
Оған қиын шаруа маған оңай-тын,
Еңсемді бір көтертпейді сол үшін.
Мен сүрінсем мекіреніп, күш кіріп,
«Шоқ, шоқ» деуін отырса да іш біліп,
«Әй, ит-ай», деп қайтамын мен үйіме,
Әлемдегі ең мұңды әнді ысқырып.
Екі түрлі құсқа айналсақ түбінде,
Кірер еді өзі ұнатқан бір інге.
Айтар еді: «Арамдықты қояйын,
Ағатай», – деп ақкөт торғай тілінде.





Пікір жазу