06.06.2022
  125


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жаныма серік боп сыршыл мұң...

Жаныма серік боп сыршыл мұң,
Шығармын жерімнен діттеген.
Болашақ, мен сенің жыршыңмын,
Бар сырын әлі айтып бітпеген.
Бұл басқа биік ой мол тұнып,
Қазына тудырып кеудемнен.
Барлық бос көңілді толтырып,
Қуантып кетуге келгем мен.
Сиқырлы нұр келсе жанарға,
Мен барлық қиялдың ұшынан, –
Кез келген мейірімді адамға,
Жанымның жұпарын ұсынам.
Апарса біздің бұл ән алға,
Сұлулар ұғынар көп-көрім:
Сонау бір ғажайып заманда,
Ғажайып бір қазақ өткенін.
Бір жігіт кермиық жүз барда,
Маңайын өзіне қаратып,
Мені оқыр басқа бір қыздарға,
Космос ішінде баратып.
Мың сәлем, жұлдыздай асылдар!
Уақа емес көрмесек бүгінде.
Мен әлі сандаған ғасырлар,
Сөйлермін қазақтың тілінде.





Пікір жазу