06.06.2022
  131


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Қылығыңның бәрі ғажап, бәрі әсем...

Қылығыңның бәрі ғажап, бәрі әсем,
Қадырыңды сұрасын да ел менен.
Әнші әкенің ерке жүрек баласы ең,
Мерекеңе өзің едің кел деген.
Қызыл кілем – қызыл бөлме ішінде,
Көктем желі терезеден еседі.
Шалқып жүрдік. Өңім бе әлде түсім бе?
Неткен жандар, неткен сұлу кеш еді!
Ақ құба өңге қалқып шықты қыр гүлі,
Қиял бізді жетелейді жыраққа.
Күй күмбірі, бокалдардың сыңғыры,
Үзік-үзік сөз келеді құлаққа.
Көше тынған. Күлімдейді ай әлі,
Мен үнсізбін, тақап саған бетімді.
Саусақтарың, алақаның аялы,
Аспан жаққа жетелейтін секілді.
«Жүрегіме жақынсыз, – деп, – мына сіз»,
Пәк көңілмен құлай сонда сүйіп ең.
Сен сол күні сәби едің күнәсіз,
Сен сол күні жан біткеннен биік ең.





Пікір жазу