06.06.2022
114
Жұмыртқаның сарысындай Ай әні...
Жұмыртқаның сарысындай Ай әні,
Ажыраған әуелдегі ағынан.
Сарноқайға кеш түскенде баяғы,
Жұмыр белді жұмағымды сағынам.
Көйлек керіп дүрсілімен құс кеудең,
Бір әпкеңді ел жатарда мың алдап,
Ай жарығы үйтастарға түскенде,
Ақбоз үйден шығатынсың сылаңдап.
Бір тұлға боп екі ғашық жартыдан,
Бастар қайтсін түйіскенде айналмай, –
Ауа қандай сенің исің аңқыған,
Сен екеуміз сүңгитұғын сай қандай!
Жас тентектің жұмыр белді құштары,
Тыным бермес күндіз-түні жаныма.
Бетті соғып кірпігіңнің ұштары,
Әсем құйын қосатұғын қаныма.
Сол киіз үй, сол көнетоз кереге,
Мен шыққанмен жоқсың енді далада.
Өкінгенмен өткен қайтып келе ме?!
Бір жоғалтқан жүрек жоғын таба ма?!