06.06.2022
  88


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Бұлт айыпты ағаң аттан түспесе...

Бұлт айыпты ағаң аттан түспесе,
Су көбейсе ылди-төмен жол шегер.
Тауда әйелдер қанша тамақ істесе,
Ауа райы көрсетеді сонша өнер.
Міне, тағы ақ бұршағы секірді,
Боз ат кетті бүгежектеп күміс түк.
Таудың бұлты қорашыл ит секілді,
Қотандарды жүреді ылғи тіміскіп.
Төмендегі шатқалға кеп тығылған,
Ана бұлттан тұрғаныңдай жоғары.
Інішегім, әмсе өзіңнің мұңыңнан,
Осылайша биік тұрсаң жарады.
Көлденеңнен тартса сынын күн алдан,
Қара түнде табу ләзім аппақ ән.
Бұлт та – тұман, мұң да – тұман, тұманнан,
Ешкім рақат, ешкім опа таппаған.





Пікір жазу