06.06.2022
  120


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Көздері өткір, көңілінің күші ересен...

Көздері өткір, көңілінің күші ересен,
Бозбастау шебер, боксшы еді демесең,
Мен сенің меңді жүзіңді алғаш көргенде,
Премьер де, президент те емес ем.
Жанары жарық, жағасы жайлау, жаны әсем,
Ең ізгі елдің ерке жүректі баласы ем.
Әуесі ашық, әулеті сұлу қалада,
Екеумізді көргендер, жаным, әлі есен.
Маңайы баурар мамыр есімді сән айда,
Мен сені көріп, лезде және қалайда, –
Жүрегім шалқып жетсем-ау дедім Ақанға,
Жүрегім шалқып жетсем-ау дедім Абайға.
Бұзақы біткен бас иіп жүрген қоғадай,
Кішкентай ғана күлімдеп жүрген Толағай,
Бапкердің бәрін, қатты ердің бәрін өкінтіп,
Ақшаршыға кеттім мен содан жоламай.
Ұмытып мен де, ұмытып достар қалса да,
Мен саған, жаным, өлеңдер жаздым қаншама.
Өзіңді көріп, өзгеден артылтамын деп,
Өспірім мені өртеніп жүрген жан сана.
Журналмен жарар... жіберіп жырлар бақтым көп,
Бақытқа жетер бір ғана жолды таптым деп.
Өлеңдер саған ұнамай қойды, мен сосын,
Болайын дедім отызға келіп Тәттімбет.
Ғашық та болар ғажайып, еркін екпінмен,
Әшкере сырмен, әуелі бізден көп білген.
Қай жерге жетем, өзіме, қалқам, белгісіз,
Тірлікте жалғыз саған жетсем деп кеттім мен.





Пікір жазу