МҰҢ. БІР ТҮН...
«Мен – моншақпын», – дейді екен ғой бүлдірген,
Әсемдікте әзіл барын кім білген.
Жұтқым келіп қызылына қызығып,
Жұрт білмеді, жұтындым да жүрдім мен».
Көзәйнекпен көркемделген жиегі,
Бір кітаптан – «Мұқтасардан» киелі,
Осындай бір сөз оқыды Нәнкеще –
Күйші сұлтан, тарихшы бек жиені.
Ақтентегін атса, батпас таңдай деп,
Айналсоқтап көріп жүрген сан бейнет
Нәнкещені, түсіп сол сәт Нәнжіктен*,
Әзірейіл алқымынан алды-ай кеп:
Аспандағы Аллаһу да түнерді,
Мына сені, «Көзін құрт, – деп, – мына ерді, –
Бір махаббат жіберіп ем, қызығын,
Көре алмады, жанын ал», – деп жіберді.
Ақтентекке мінәжат қып әр кеште,
Дұға оқыған көп күндерін алды еске...
«Ажал тақсыр, тұра тұр», – деп қағазға,
Мынадай бір бәйіт төкті Нәнкеще:
«Таусылды ғой, таусылғандай азығым,
Баста миым, аузымдағы әзілім.
Адам емес, аң көргендей шошисың,
Жазығым не? Сүйгенім бе жазығым?!
* Нәнжік – жұлдыз аты.
Ділдес ек қой бірге туған бауырдай,
Тіндес ек қой жаңбыр менен жауындай.
Арамыздан ауа өтпестей болмадық,
Не бір тәулік, не бір бие сауымдай.
Кетер болды келмеске енді ар, үнім,
Кесірлі елге керегі жоқ дарыным.
Арамыздан ауа өтпестей болғанда,
Ажал мені алмас еді, жарығым.
Аяулысын сүйген кісі азар ма,
Қасидадан түстім мұңды ғазалға.
Ақтентек-ай, қиғаның ба өлімге?!
Ақтентек-ай, бергенің бе ажалға?!»