06.06.2022
  92


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Қарлығып даусың, әлсіреп мүлде күшті үнің...

Қарлығып даусың, әлсіреп мүлде күшті үнің,
Бозарып өңің, бұзылып кетті түс-түрің.
Кеберсіп ернің, кермек татып та таңдайың,
Көңілсіз жүрсің көтерілгесін ыстығың.
Күйіп тұр бетің күнде қап оңған шұғадай,
Жасаурап көзің, жүрсең де күліп, жыламай.
Батпандап кіріп, мысқалдап шығып бітпеді,
Мысыңды құртты сырқатпен өткен бір-ақ ай!
Жамалың солғын, жадаулау тартып реңің,
Қалтырап қолың, қан-сөлсізденіп білегің,
От болып жанып шығасың қысқа түндерде,
Балалар тартқан барабанша соғып жүрегің.
Сырқат та болсаң суыртпақтататын назың көп,
Ең соңғы күшпен ерлік қыласың әзілдеп,
Тентектігімді де, еркектігімді де ұмытып,
Дұға айтқандай боп отырам іштей: «жазыл» деп.
Аяп та сені аурумын қоса көптен мен,
Амалым қайсы азап та бірге шеккенмен,
Жазар ем сені, дәрі қайнатуға болмайды-ау,
Өлеңдерімнің ішіндегі ғажап шөптерден.





Пікір жазу