ДҮРЕГЕЙ СӨЗ. ҚАБЫЛХАН
Аяқ асты...күтті дейсің кім мұны,
Орысша өлең төктім-ай кеп бір күні –
Блаженный соборының үнімен,
Сайрағандай Бурабайдың бұлбұлы.
Орысша өлең төктірді-ай кеп бір шабыт.
Жүре берді ой дегенің суша ағып.
Жан қиналмай қазақша өлең жазғандай,
Жаздым-ай кеп буырқанып, бұрсанып.
Білімі де, білігі де көп еді,
Көңілі түссе, көл-көсір-тін көмегі,
Жанайдаров Орынбайға көрсеттім,
«Орысша, – деп, – досыңның бұл өлеңі».
Бір тереңге сүңгігендей телегей,
Оқи-оқи мені, жұртты елемей:
«Сен жаздың ба?» – деп сұрады, күлдім мен:
«Пушкин ғой деп ойлайсың ба, мен емей?!»
Таңданғаннан абдырап бір ойлы өңі,
Аудармашым-ақын досым сөйледі:
– Сен орысша дәл осылай жаза алсаң,
Шын ақылым – қазақшаңды қой, – деді.
Бір пікірдің дегеніне көнем бе,
Көп жолдасқа көрсеткенмін мен өңге.
Састым-ай кеп, ақын орыс достарым,
Бас шайқасып, «Гениальный» дегенде.
Ұлы Отанның бітер жері, шеті деп,
Бір күндері шекараға жетіп ек.
Шашкова айтты: «Жігіттерге жауынгер,
Сен орысша жазғаныңды оқы», – деп.
Оны жұртқа әспеттеуге бейіл боп,
Жанарынан төкті Люба мейрімді от:
«Осы ерекше өлеңдерің туралы
Хабар жазам радиоға кейін», – деп.
Атылып бір кеткені ме тоғанның,
Шікірасы мендей бұл-ақ қоғамның.
Орыс көрсем, қошеметтен дәметіп,
Орысша өлең заулататын боп алдым.
Дүйсенбек, мен және Ұлықбек тұрғанда,
Қазақшаға аударылмас жыр бар ма?!
Сол өлеңді қазақшалап бір күні,
Бастырдым бір тиражы көп журналға.
Редактордан асқан бізде қор бар ма, –
Жылан ба деп қарайтын кей жолдарға.
«Құримыз ғой» деген сөзден сескеніп,
Сәл кішірді сары ұл қара болғанда.
Жоғарыда айтқанымдай, сыры көп,
Айтар ойы сүйектілеу, ірірек,
Түп нұсқасы басқа тілдік өлеңім,
Бес қазақша өлеңімнің бірі боп
Шыққан кезде қасымнан бір ер өтсе,
Сөз дәметтім сол жыр жайлы ерекше –
Айта ма деп орыстардың айтқанын,
Тіпті бірі тіс жармады, керексе.
Ұл асырап алғандай-ақ бір өгей,
Пікір, пікір, одан басқа тілемей.
Өтіп жатқан қандасымның бәрінен,
Пікір күттім өлеңіме «дүрегей».
Сол қорлық сәт түсті дейсіз неге еске,
Неге құмар болды дейсіз кеңеске?
Ана өлең мен басқа өлеңнің арасы,
Рок пенен шертпе күйдей емес пе?!
Неше түрлі кәрі дарын, жас дарын,
Кезек изеп шашты, шашсыз бастарын,
Соны білмей, білмеген боп білсе де,
Өте берді селқос қаламдастарым.
...Тек Қабылхан бұрын көрмей жүргендей,
Бас салды-ай кеп: «Анау өлең...бұл нендей?!» –
Деген кезде орнықты-ай кеп көңілім,
Орыстардың ортасына кіргендей.
Өкпелемес шаруа басты көп құрбым,
Осындай бір қызық кешіп тек бір күн:
«Орыстар мен Қабылханның өлеңге,
Махаббаты ерекше екен», – деп күлдім.