06.06.2022
  220


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ДАРАБОЗ ҚАБАНБАЙ БАТЫР

Тынығып тұлпар, таң асып, таза суысын,
Таңертең қылыш сабына толып уысым,
Тағы да шығам тарылған қазақ жерінің,
Бір уыс көде, бір ұрттам жылтыр суы үшін.
Ескі тақ мінсе – есірік, басы айналар,
Қоңтайшыға қылыштай өткір қайда бар?
Төрде емес, көрде хор қызының төсегі,
Жамбасы жерге тиген соң көңілі жайланар.
Шалғыны қанға шылқамай болар жайлауға,
Қаттасып қазақ әскері қанат жайғанда,
Мылтықты мерген, садақты сарбаз аңдыған,
Шыбын да шықпас ортасы мидай майданға.
Бозамық көкке бозторғай шығар шырылдап,
Мойнында бұршақ молдалар жылар ыңылдап.
Желп етпей тулар, жер жүзі тынар сілтідей,
Тізгінін сүзбей тұлпарлар тұрар шыбындап.
Тентек те туар жыны бар неше бақсылық,
Жаббарға жылап жұртына тілеп жақсылық.
Жекпе-жек күтер жеріне жеткен екі қол,
Жұртының бетін жеке туғанына тапсырып.
Бағымдай ауыр басыма қонған жыға бар,
Тебінсем атты – темір бет жауым қуарар.
Атамның атын алдырып маған шақыртып,
Ныспымның даңқын намысым алға шығарар.
Қалмақ та болса атына жылдам қонбай ма ер,
Бүгінгідей біздерге туыс болмайды ел.
Дарабозға бір жауды екі шаптырма,
Алты алаштың аруағы, түгел қолдай көр!





Пікір жазу