ҚҰРМАНҒАЗЫ
Ақшалы байды, жеңе алмай патшалы ханды,
Батырлар өтті...
Бар малын жат шауып алды:
Молаларындай намыстың төбелер қалды,
Обаларындай обалдың ақ шағыл қалды.
Жырмыштап жыра бөлгенде жалаңаш қырды,
Тоқтатар жарды болмай ма қарағаш құрлы.
Атырауды әкеп құйды да Сарыарқасына,
Алатауды әкеп Аралға араластырды.
Кептіріп миды кек пен мұң, ағартар шашты,
Жігер мен серпін жасартар, жаңартар басты.
Ол барған жерге Алатау, Сарыарқа барды,
Ол қашқан жаққа Алатау, Сарыарқа қашты.
Ақылды жанға бола ма батыр боп өлмей,
«Кішкентай» қалды Исатай сапын да көрмей.
Алғидың құба дөңінде арқалы бала,
Шақырды күйді, аруағын шақырған ердей.
Теперіш ешбір ете алмас тектіні керең,
Қайралған жұрттың қайтады кекті ұлы неден?
... «Ақбайға» қарай шаптық біз – ақтарға қарай,
Алаулы жылда «Адайдың» екпініменен.