06.06.2022
  123


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МҰҚАҒАЛИ

Қырбай қабақ қызмет, тұрмыстағы,
Шабытыңды шаужайдан күнде ұстады.
Табаныңда қалмады тіпті бедер,
Тасқа өрмелеп...жұлдызға шықты деді ел.
Қорек үшін сен үзген көк алманы,
Май кекірік мисыздар көре алмады.
Бар жазығың қазақ ең көп арманы,
Ал арамдар арманды бола алмады.
Ай, күн куә, куәгер айдын мына,
Көре алмады мұңыңды, қайғыңды да.
Көре алмады сендегі дарын мәнін,
Мұң туғызған музыка сарындарын.
Сен елермей, емендей теңселер күн,
Едені ойбай салатын кеңселердің.
Өлекселер қашатын тірілерше,
Өксіп жүрген өлеңнің пілі келсе.
Адамды да таңдайды, түстейді өлең,
Алатаудың аузынан түскендей ең.
Гулливерді өзіне тең демейді,
Мансап мінген рухани ергежейлі.
Көбейеді, көз көрмес болады әлі,
Қаукөкірек қырттардың молалары.
Сен ертеңге жөнелдің, Алжан қалып,
Көз жасымен мейірімнің бальзамдалып.
Адам келіп қазақ пен қырғызыңнан,
Анау бір шың сен үшін тұрғызылған.
Көзден көзге ауысар, миға мидан,
Мұқа, сенің көгілдір пирамидаң.





Пікір жазу