06.06.2022
  126


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Көкпеңбек өрттің жылуы...

Көкпеңбек өрттің жылуы,
Буланып жатты көк ойда.
Шымшықтың қырық руы,
Бас қосты бүгін тоғайда.
Келтірер емес ұйқыны,
Мазалап бітті кісіні.
Басылар емес шиқылы,
Толастар емес құс үні.
Жібермей сөйлей есені,
Суытып кейде түстерін,
Шымшықтың барлық шешені,
Босатқан шығар іштерін.
Жиналды ма екен бір-бірін,
Жақсырақ көріп-білуге.
Көк тоғай сөйлеп тұр бүгін,
Құстардың ана тілінде.
Қаншама дауыл, санашы,
Кезікпес бұлай күнде дау.
Жапанда бұлар, шамасы,
Жарыла жаздап жүрген-ау.
Қағып та сұлу қанатын,
Қалбаңдай ұшар асыға.
Шырылдап біраз алатын,
Шымшықтың мүшәйрасы ма?!
Көмейін бостау жіберіп,
Бой бермей қайғы, ақылға,
Бұлардың әлде бірі өліп,
Шырылдап соған жатыр ма?!





Пікір жазу