06.06.2022
151
Тууы да ән Моцарттың, құруы да ән...
Тууы да ән Моцарттың, құруы да ән,
Татып көрсең ол ішкен бір уынан.
Сальери дарынсыздар тайпасының,
Ең ит жанды, ең надан руынан.
Мына өмірден Моцарттың кеткені ме,
Күндіз-түні қызмет етпеді ме?!
Сальеридің жасы не, кәрісі не,
Сальеридің шені не, шекпені не?!
Мені де бір көріңдер адамша ұғып,
Ақ пен қара біткен жоқ әлі аршылып.
Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ,
Мен Моцарттан көргем жоқ жаманшылық.
Жел өтінде жүргеміз білмей ықты,
(Қысқа күнде құбылған мың кейіпті.)
Азап шектім, аз жаздым, көп қаңғыдым,
Сенің арқаң, Сальери жын кейіпті!
Нұрлы мұңмен ежелгі жолдастаймын,
Туа қоймас басыма болмастай күн.
Моцарт туған ауданға басымды иіп,
Моцарт түскен ауылды қорғаштаймын.