06.06.2022
  108


Автор: Жұматай Жақыпбаев

МҰСАНЫҢ КҮНІНДЕЙ

1
Қажалып қызыл асығы,
Қырсыққан жерде он құлап,
Саптама етік, мәсілі,
Сай құлдап, қарға омбылап,
Жаратқан аттай арытып,
Жабуын тағдыр тон қылып,
Аязға бетін қарытып –
Ақшамда жүзі домбығып,
«Домбыққан бетке жағарға
Даладан сақар табар ма?!
Түзде өлсе, жүзін жабарға,
Қар кетпей пенде табар ма?!»
Санаса, кегі келелі,
Сансырай бермей мұндар боп.
Мұңаймай ақын келеді,
Мұсаға туар күн бар деп.
Ойдай деп қырды білмеген,
Ойнақтар еді құладай.
Бабасы жаяу жүрмеген,
Басарға балтыр шыдамай.
Қапсағай, қайсар денелі,
Қар кешіп неше шақырым,
Құлазып ақын келеді,
Құдайдан күтіп ақырын.
2
Ызыңды қырға көделі,
Із тастап неше шақырым,
Құлазып ақын келеді,
Құдайдан күтіп ақырын.
Қораға жетпей балағын
Қорашыл төбет жыртқан-ды.
Қазаққа бітпес тамағын,
Қытықшыл жөтел құртқан-ды.
Атқанда күнде таң аппақ,
Аллаға бір тай мінгіз деп,
Алашты жүрді адақтап,
Ақынға туар күнді іздеп.
Ақпады теріс су-дағы,
Арыз да жазды күнде елше.
Мұсаның күні тумады,
Мұстафа көрге кіргенше...
Оқалы биік қымтанған,
Озбырды ізгі қуғанда


Арайы қызыл бір таңнан,
Ақынның күні туғанда.
Арамды адал қуғанда,
Алдымен момын көгерді.
Мұсаның күні туғанда,
Мұстафа көрге жөнелді.
Жылытып жерді шуағы,
Жан берер кезде ес кетіп,
Ақынның күні туады,
Туады-ау, әттең, кештетіп.





Пікір жазу