06.06.2022
  119


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Аршалы тау бояуы өңге, әрі өңге...

Аршалы тау бояуы өңге, әрі өңге,
Бай еді ғой жан тербетер әуенге.
Биікте өстім, биікте өстім, білмей мен,
Аласалық бар екенін әлемде.
Бай еді ғой, бай еді әкем ұлысы,
Кең еді ғой кербез әлем тынысы.
Сүйіп-құшып еркелеткен бір ұлдың,
Жоқ болатын сүйкімсізбен жұмысы.
«Ұл болады, – дейтін ауыл, – текті, отты»,
Сол бір мақтау құдіреттей боп кетті:
Қуандырдым күнде әке-шешемді,
Қуандырдым мені оқытқан мектепті.
Қалмайын деп мынау өмір көшінен,
Жастай зерек ғажайып күй кешіп ем.
Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай,
Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем.
Гүлді көрдім, нұрды көрдім күнгейден,
Кең дүние ұланғайыр жыр ғой кең.
Жақсы тауда жайсаң болып өсіп ем,
Жамандардың бар екенін білмей мен.
Алда еді ғой алам дейтін арманым,
Алда еді ғой жанам дейтін бар бағым.
Мен білмеппін, балалықпен білмеппін,
Табынуды керек етер жан барын.
Табынуды керек етер нән барын,
Бұғанаңа батыратын салмағын.
Қаншама рет аңқау ұлың опық жеп,
Қаншама рет тістеді ұлың бармағын?!
Жайсаң елім, биік елім, ер елім,
Тек сен айтқан даналыққа сенемін.
Иілгенге иіл деген сен едің,
Шалқайғанға шалқай деген сен едің.





Пікір жазу