ӨЗБЕК ӘУЕНІНЕН
I
Хиуа жақта бәрі-дағы ізгі әннің,
Махаббаттың әуеніне құралған.
Өз елімде мен де асқақ қыздардың,
Бала күнде-ақ атақ, даңқын шығарғам.
О, Гүлбүбіш, бәкәсәмға бөленген,
Өзің барда көзге ілмеспін гүлді өңге.
Мені Жоңғар шыңдарында көрер ме ең,
Ай маңдайлы жирен атқа мінгенде.
Байтақ жердің нұры бар бұл келбетте,
Жұлдыздарға жете алады құрығым.
Рузбехан сыйғыза алмай жер-көкке,
Дәріптеген қазақтардың ұлымын.
Жалт-жұлт етіп қолыңдағы жүзіктер,
Жаутаңдайсың жолығысар сәт тілеп.
Бағыңдағы жүзіміңнен үзіп бер,
Ауызымнан шықсын десең тәтті леп.
Жақын маңнан естілсін де тәтті үнің,
Жақындашы о,Гүлбүбіш, қинама.
Мен сияқты мейірімді жан жоқ бүгін,
Сендей сұлу жоқ болса егер Хиуада.
Қара алмастай жарқылдайды-ау жанарың,
Есте мәңгі қалуы үшін түр-түсің.
Мен де саған Тәжі –Маһал саламын,
Сом алтындай жырмен өріп кірпішін.
II
Сейілге шық, «Гүлбүбіш» деп жыр арнап,
Жасыл тілмен сөйлегенде салқын бақ.
Тұт ағашы арасынан бұлаңдап,
Райхан гүлі арасынан жарқылдап.
Бір сен үшін құба талдай иілген,
Танытқым кеп шеберлікпен тегімді.
Устолардай пілләдан жіп иірген,
Жаным, ойым бір қиялға берілді.
О, Гүлбүбіш, аузынан гүл төгілген,
Мен де есімнен Науаиша жаңылам,
Ғұмыр бойы , көк шай ішер едім мен,
Бір татырсаң ерініңнің балынан.
Отырғандай алты қанат үйімде,
Көз алмадым жанарыңнан сүзілген.
Құба талдай бір-ақ рет иіл де,
Шәрбат ішкіз үлбіреген жүзіңнен.
Ұмытар ем асқақ жердің маралын,
Қанша сұлу болса-дағы гүл өңі.
Бәкәсәммен бүркеп қойған анарың,
Оң қолыма тола қалса үнемі.
III
Домбырада неше түрлі күй білем,
Бәйгеге де басты содан көп тігем.
Атығайдың құласындай жүйрік ем,
Адайлардың қылышындай өткір ем,
Қара көз бен түбіме бір жетті мең.
Бір мең үшін екі шаһар төлеген,
Хафизше енді жомарт болсам жарады.
Мен де саған Шымкентті берер ем,
Әлібек дос қоса кетіп қалады.
Онан да енді қара көзді мұратым,
Біз кезгенде Шүһраттың гүл бағын,
Шын бағасы жиырма шаһар тұратын,
Өзіңе айтар ақылымды тыңдағын:
Мен өпкенде, сен де қарап тұрмағын.