06.06.2022
  173


Автор: Жұматай Жақыпбаев

АТАМЕКЕН

Сыр шерткен өзен, тауы таныс үнмен,
Бабамның тері тамып, қаны сіңген.
Тарихы домбырамен айтылатын,
Өлкемнің шығарсам-ау дабысын мен.
Пай-пай-пай, тау-тасың да тегіс кілем,
Бұрын да дәл осындай келісті ме ең?
Көз жазсам суреті паң, сері таудан,
Сандалсам таба алам ба жер үстінен?!
Күтуге кемел сыйды көне ме ірге,
Жолаушы, байғазыңды төле бірге.
Сен қазір келіп тұрсың қасиетті,
Ерлік пен шежіреге толы өңірге.
Бір көру болса жастай саған арман,
Тербетер тепсең жерде самалы алдан.
Шарайна көлдер мынау пайда болған,
Жерді оя жүйткіп өткен тағалардан.
Қойнына құт-береке, ырыс енген,
Тауларды теңеуге енді кірісем мен:
Олар түк айнымайды дулығадан,
Және де қасы биік күміс ерден.
Өзені өлең айтқан таныс үнмен,
Бабамның тері тамып, қаны сіңген.
Түбінде әр тасының айқас өткен,
Өлкемнің шығарсам-ау дабысын мен.





Пікір жазу