06.06.2022
  100


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жер жұтпайды, ұшырмайды оны Ебі...

Жер жұтпайды, ұшырмайды оны Ебі,
Ғұмыры ұзақ қол жетпейтін мәуенің.
Ертең қызыл жемістерін төгеді,
Менің кеше гүлдеп біткен әуенім.
Көрінгеннің көңілін күнде баурар ма үн?!
Ақылы жоқ «Абылға» да «беу!» дер ме?!
Көктем келсе мас болатын таулардың,
Мінезі бар менің нәзік кеудемде.
Нәзік үндер, тас жауса да үзілме,
Көңіл жуар көп сызашық, сарқылма!
Жас қалады күйшілердің ізінде,
Тас қалғандай сәулетшінің артында.
Сауырынан су төгілмес жорғадай,
Мұхиттарды шайқалтпайтын жануар –
Жер ғұмыры ұзақ болса болғаны,
Шер тарқатар күй де бізден табылар.





Пікір жазу