ЖАЗЫҚСЫЗ
«Болды, жетті, жүрем енді, –
деп, – таудағы есті ортаға»,
Жаңа туған бір өлеңді,
Сала салғам төс қалтама.
О, қуаты жеткенше аттың,
Жайсаң достар қарауында
Тойға бардым, көкпар шаптым,
Қонақ болдым әр ауылға!
Киіз үйде түн ауғанша,
Татып тартқан бастан дәмді,
Шопандарға жырауларша,
Айттым жаңа дастандарды.
Күнге күйген қара бала,
Қыркүйектің күні шыға,
Қайттым таудан қалаға да,
Кірістім кеп жұмысыма.
Бір жыл өтті, қара бақтың,
Шықты ішіне шөп те міне.
Қалтама тек қарамаппын,
Қол салмаппын шекпеніме.
Бүгін қатты сасқандаймын,
Қағазымды түгендей кеп.
Қоймасында қашқан байдың,
Іріп кеткен кілемдей боп.
Қоян ес хан сынаған боп,
Зынданға сап жанға көнбей,
Ертең қайта шығарам деп,
Сонда мәңгі қалған ердей.
Айтылмайтын жатқа назы,
Қалған сонау сәні көштен.
Жүн боп кеткен ақ қағазы,
Жазуының бәрі де өшкен,
Өз ішімді жалап бір мұң,
Туғаны енді білінбейтін
Өлеңіме қарап тұрмын,
Енді қайта тірілмейтін.