06.06.2022
142
НАМАЗШАМ
Жүгі бардай жүзуге ауыр,
Кете алмастай құла күнсіз.
Кешкі бұлттар қызыл бауыр,
Құбылада тұрады үнсіз.
Аспан үстін торлап ақпай,
Суреттері туып айқын.
Балқытылған сом болаттай,
Жуық арада суымайтын.
Қызыл түсті жиыпты іңір,
Көзден бояу таса қылмай.
Қып-қызыл көк сүйіп бір ұл,
Жүзі өртенген жас арудай.
Қарайсың-ау жаның қалмай,
Жалтылдаған тал-қайыңға.
Қызыл опа жағылғандай,
Ақ үйдің де маңдайына.
Қызыл көбік ақ айдының,
Жағаны ұрса тербетіле.
Алтын тілмен жалайды күн,
Жарқыраған көл бетін де.
Тез батпайды күн бағыңа,
Төмен жылжыр бетін беріп.
Көкжиектің зынданына,
Мүлде кеткен секілденіп.
Қайта оранып жөргегіне,
Көз қаратпас туады асыл.
Өп-өтірік өлгеніне,
Шын көңілмен қуанасың.