06.06.2022
95
ТАҢБАЛЫ ТАМШЫ
Қалбаңдап ұшты-ау, не керек,
Қарашы жөндеп жоғары.
Аспанда туған көбелек –
Аймақтың аппақ қонағы.
Шегірткеден де көп түге,
Шетінен көрсең керемет.
Ерніме тиіп кетті де,
Еріді құйттай көбелек.
Ақ будан сулы жіп өрген,
Аспанда сиқыр түрі көп.
Тамшыны бүйтіп жіберген,
Табиғат дейтін құдірет.
Қай жерден көкке жібердің,
Қайтадан қар ғып басыма?
Буланып кеткен біреудің,
Бір тамшы тері, жасы ма?
Бұлт деген тамшы бір табын,
Білгенмен мұны, түрінде.
Тамшының, будың, ұлпаның,
Таңба жоқ, ен жоқ бірінде.
Біздердің жұмыс – балғалап,
Біртіндеп бәрін қарсы алу.
Бір тамшы терді таңбалап,
Бір тамшы жасқа ен салу.