ХАН СУРЕТІ
Ұмытқан шығар ел, тегі,
Өйткені өте ерте еді.
Баяғыда өткен бұл жайды,
Шежіре былай шертеді:
Өбетін таңның арайы,
Оранған түгел жасылға.
Қарахан ханның сарайы
Аршалы таудың басында.
Жендетпен бірге қаптаған,
Түлендей оның ебі көп.
Елі жоқ оның шаппаған,
Бармаған және жері жоқ.
Хандығы оның шап-шағын,
Үркітіп жатты жырақты.
Қызы бір алыс патшаның,
Суретін ханның сұрапты.
Суретші пенде біткенге,
Тудырып «заманақырды»,
Қалдырмай бірін, тіпті, елде,
Барлығын түгел шақырды.
Жақпады ешкім мәнері,
Келмепті ешбір қолдан да.
Оң қолы жарым хан еді,
Сол көзі соқыр болғанда.
Суретке сол мін түсті ме –
Қанжармен мойнын оратын.
Қарахан, оның үстіне,
Шұбар бет, ақсақ болатын.
Бәріне қарап күн күтті,
Ордаға жендет алып кеп.
Біреуі салып шындықты,
Біреуі салды дәріптеп.
Ондайды ханың күйретті,
Бояумен бірге тасқа ұрды.
Біреуін атқа сүйретті,
Біреуін дарға астырды.
Ешбірі бабын таппады,
Бәрінің басы шабылды.
Еш сурет ханға жақпады,
Қыл қалам қара жамылды.
Атпады таң да, арай да,
Жылады халық мұңдана.
Сол кезде кепті сарайға,
Он төртке толған бір бала.
Ойнайтын сол бір нұр көзде,
Шабытпен қиял келгесін.
Салды да кетті бір кезде,
Қарахан ханның бейнесін.
Бала да болса қажырлы ер,
Көз ашқан әсем еңбекпен.
– Өледі-ау, – деді уәзірлер,
– Өледі-ау, – деді жендеттер.
Шабытпен бала алысып,
Бітірді бір кез суретті.
Нұрымен күннің табысып,
Біраздан кейін сыр кепті.
Алтынмен аптап жалатқан,
Сарайдың қасы. Ту бетте,
Қар жауған күні аң атқан,
Қарахан тұрды суретте.
Суреттен танып тұрды өзін,
Қарахан ханда түс қалмай.
Соқыр боп біткен бір көзін,
Көздеген кезде қысқандай.
Мініп тұр шұбар хан атты,
Көрініп аттың теңбілі.
Тартып тұр оң қол садақты,
Білінбей қалған кемдігі.
Құлауға ханың шақ қалды,
Таппасты бала тауыпты.
Беттегі шешек дақтарды,
Түйіршік ақ қар жауыпты.
Қосқан соң көктің нұрынан,
Суреті көркем айтардай.
Тұрған соң аты қырынан,
Кем аяқ қапты байқалмай.
Күтпеген мұндай сұмдықты,
Қалмады ханың сыр бермей.
Айтулы елге шындықты,
Айтыпты бала білдірмей.
Балапан бала өрімдей,
Қойыпты бәрін әдіптеп.
Міні тұр ханның көрінбей,
Тұрған жоқ бірақ дәріптеп.
Қуанып сонда хан тұрды,
Сан ойдың баспай салмағы.
Бостандық пенен алтынды,
Беруден басқа қалмады.
Аттанар үйге күні кеп,
Мінді бұл бала атқа ырғып.
Өлімді жеңген құдірет –
Өнерге біткен тапқырлық.
Ол жайлы небір өлең де,
Шежіре жырау толғапты.
Ерен боп туған өренге,
Өткізбес асу болмапты.
Жаңа сыр жаққан тәрізді,
Жаңғыртты соны қайта жыр.
Естісең осы аңызды,
Білмеген жанға айта жүр.